Мойынқұм аудандық орталық ауруханасына жаңа басшылық келді. Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сержан Назарбектің 2025 жылғы 25 шілдедегі №45 ж/қ бұйрығына сәйкес, бұл лауазымды қызметке Жүнісбеков Бағлан Қыдырәліұлы тағайындалды.
Бағлан Қыдырәліұлы — Мойынқұм ауданының тумасы. 1990 жылы өмірге келген ол 2013 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдап, еңбек жолын туған жеріндегі аудандық ауруханада стоматолог ретінде бастаған. Өз ісіне адалдығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында біртіндеп басшылық лауазымдарға көтерілді. Соңғы жылдары емхана меңгерушісі және бас дәрігердің орынбасары ретінде денсаулық сақтау саласының түрлі ұйымдастырушылық және әкімшілік мәселелерін тиімді шешіп келгені белгілі.
Бағлан Қыдырәліұлы — денсаулық сақтау саласындағы көшбасшылардың бірі. Облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты кәсіби байқауда жеңімпаз атанып, өңірлік кадрлық резервке енді. Бұл жетістік оның тек тәжірибелі маман ғана емес, нағыз ұйымдастырушы, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары басшы екенін көрсетті.
Медицина – адам өмірімен тікелей байланысты ең күрделі сала. Сондықтан бұл қызметке тәжірибелі әрі білікті маманның келуі аудан жұртшылығы үшін үлкен үміт пен сенім тудырып отыр. Жаңа бас дәрігердің жетекшілігімен аудан медицинасының сапасы артып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің деңгейі одан әрі жақсарады деген сенім мол.