ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Қаланұлы Арубаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Мойынқұм ауданына арнайы барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысты. Сенатордың сапарына аудан әкімі Ермек Карентаев және жауапты сала басшылары бірге қатысты.
Сапар барысында халық қалаулысы алдымен ауданның оңтүстік-шығыс қақпасы саналатын Кеңес ауылдық округіне аялдады. Мұнда Сәкен Қаланұлы құрылыс жұмыстары толық аяқталған, қазіргі таңда құжаттарын рәсімдеу сатысындағы екі маңызды нысанды аралап көрді. Атап айтқанда, ауылда көптен күткен заманауи үлгідегі үлкен спорт кешені мен 90 адамға арналған жаңа мәдениет үйі бой көтерген. Сенатор аталған нысандардың ауыл тұрғындарының игілігіне берілуі ұзаққа созбауды тапсырды.
Сонымен қатар, депутат Мойынқұм ауданына көгілдір отын тарту жұмыстарының барысымен де танысты. Бүгінде жоба аясында жалпы ұзындығы 37 шақырымдық газ құбыры жүргізілген, оның ішінде 25 шақырымы Шу ауданы арқылы өтсе, Мойынқұм аумағында 12 шақырымдық магистральдік желі төселген. Мердігер компания өкілдері жұмыс кестеге сай қарқынды жүріп жатқанын, алайда қаржыландыру мәселесі тежелгенін жеткізді.
Кейін сенатор Бірлік ауылына барып, жақында қайта жаңғыртылған «Жеңіс» саябағын аралады. Жаңартылған саябақ ауылдың және көршілес ауылдардың тұрғындары үшін демалыс және серуендеу орнына айналып отырғанын байқады.
Сенатор мен аудан әкімі Шу өзені бойындағы су шаруашылығы нысандарымен де арнайы танысты. Атап айтқанда, олар Мойынқұм айналма каналының механикалық тазалау жұмыстарының барысын тексерді. Су арналарының тазалығы – жергілікті ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды факторлардың бірі екенін атап өткен Сәкен Арубаев бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Мойынқұм ауылы маңында Шу өзенінің арнасына гидроқондырғы құрылысын жүргізу мәселесін талқылап, оның қажеттілігі мен ауыл шаруашылығы және экологияға әсері бойынша пікір алмасты.
Жұмыс сапары аудан орталығы — Мойынқұм ауылында жалғасты. Мұнда Сәкен Қаланұлы көппәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары мен абаттандыру барысына назар аударды. Аулаішілік аумақтардың жаңартылуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына оң бағасын берді. Сондай-ақ, ауданның басты көшесінің бойындағы тарихи-мәдени маңызға ие обелиск маңында жүріп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын зерделеді.
Сапар барысында сенатор Сәкен Арубаев тек нысандарды ғана аралап қоймай, әр ауылда жергілікті қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары мен ақсақалдарымен кездесіп, пікірлерін тыңдап, ұсыныс-тілектерін назарға алды.
Бұл сапардың басты мақсаты – аудандағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын бақылау болды. Сенатор өз сөзінде ауылдарды дамыту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері әрдайым басты назарда болатынын атап өтті.