Қазақстанда шілде айының екінші жексенбісі дәстүрлі түрде балық шаруашылығы саласының мамандары үшін ерекше күн — Балықшылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл — табиғат аясында еңбектеніп, көл-көсір ырыздықтың көзін тапқан еңбек адамдарына арналған мереке.
Биыл да осы кәсіби мереке Мойынқұм ауданында кең көлемде атап өтілді. Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Серікбайұлы Төлеубеков арнайы Мыңарал ауылдық округіне барып, саланың ардагерлері мен еңбек майталмандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мерекеге орай ауылда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі — футболдан ауылдық командалар арасында өткен жарыс. Шараның ашылу салтанатында Қуандық Серікбайұлы сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
— «Балықшылар күні — тек кәсіби мереке емес, еңбегі еленуге тиіс жандардың қадірлі күні. Табиғатпен етене еңбек етіп, көл-көсір несібе тауып отырған сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Бүгінгі мереке де сол еңбектің лайықты бағалануының бір көрінісі. Ал спорт алаңында ұйымдастырылған жарыстар ауыл жастарының белсенділігін арттырып, сергек өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиында саланың үздік мамандары да елеусіз қалмады. Мыңарал ауылының тұрғыны, балық шаруашылығы саласына ұзақ жылдар бойы адал еңбек сіңірген ардагер Ажар Өмірбекова “Ауданға сіңірген еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
— “Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Өмірімнің көп бөлігін балық шаруашылығына арнадым. Қазіргі жастарға да айтарым — еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Бұл марапат — соның айғағы”, — деді Ажар Өмірбекова жүрекжарды лебізін білдіріп.
Сонымен қатар, бірқатар балық шаруашылығы мамандарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар саладағы ерен еңбектің еленіп отырғанын тағы бір мәрте айқындады.
Мыңарал ауылдық округі – ауданның ірі балық шаруашылығы орталығы. Көл жағалауында орналасқан бұл елдімекен тұрғындары балық шаруашылығымен бұрыннан айналысып келеді. Ауылдың тыныс-тіршілігі су айдынымен, балық кәсіпшілігімен тығыз байланысты. Сондықтан да бұл мереке ауыл тұрғындары үшін ерекше мәнге ие.
Жиын соңында ауыл өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал футбол алаңында өткен дода жастардың да белсенділігін арттырды.
Мойынқұм ауданында атқарылып жатқан мұндай шаралар еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі. Балықшылар күні соның бір дәлелі болып, сала ардагерлері мен қазіргі еңбек майталмандарына сый-құрмет көрсетілді. Мұндай игі дәстүр алдағы жылдары да жалғасын табатынына сенім мол.