Мойынқұмда жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

Мойынқұмда жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді

2025 жылдың 14 шілдесі күні Мойынқұм ауданының орталығы – Мойынқұм ауылында тұрғындар үшін қуанышты әрі маңызды оқиға болды. Ауылдың Т.Әубәкіров көшесінің бойында жаңа шағын футбол алаңы ресми түрде ашылып, спорт сүйер жастарға есігін айқара ашты.

Жаңа спорт алаңы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс негізінде салынды. Жеңімпаз болып танылған «ЖК Кәусар» мердігер ұйымы жобаны 18 850 000 теңгеге сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, халық игілігіне ұсынды.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

“Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында ашылып отырған бұл спорт алаңы – жастарға жасалған зор мүмкіндік. Бұл тек футбол алаңы ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастырудың, жастарды спортқа баулудың тағы бір қадамы. Жастарымыз бос уақытын пайдалы өткізіп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырса дейміз. Әр нысан — ел игілігі, сондықтан оны ұқыпты ұстау баршамыздың ортақ міндетіміз,” — деді аудан басшысы.

Шара барысында ауыл ақсақалдары да сөз алып, жастарды бірлікке, спортқа ұмтылуға шақырды. Еңбек ардагері, ауыл ақсақалы Жақып Әбдірахманов:

“Біздің кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Бүгінгі жастар бақытты. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Тек еңбектеніп, спортпен айналысып, елдің үмітін ақтаңдар,” — деп, ізгі тілегін жеткізді.

Жаңа спорт нысаны бірден жастардың бас қосар ордасына айналды. Ашылу рәсімінен соң алғашқы жолдастық матч ұйымдастырылып, ауыл жастары жаңа алаңның сапасын сынап көрді.

Айта кетейік, бұл нысан соңғы жылдары аудан орталығында пайдалануға берілген алтыншы кіші футбол алаңы. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында осындай жобалар әрі қарай да жалғасатын болады.