Су – өмір өзегі: Мойынқұмда су саласының үздіктері марапатталды

Су – өмір өзегі: Мойынқұмда су саласының үздіктері марапатталды

Су – тіршіліктің бастау көзі. Ал осы қасиетті саланың тыныс-тіршілігіне белсене араласып, ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы орайда 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мойынқұм ауданында салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев су шаруашылығы саласында көп жыл бойы қызмет етіп келе жатқан бірқатар мамандарды арнайы құттықтап, марапаттарын табыстады.

«Су – жай ғана табиғи ресурс емес, ол – тіршіліктің өзегі, экономиканың күретамыры. Ауыл шаруашылығы, экология, өндіріс – барлығы осы саламен тікелей байланысты. Сондықтан сіздердің атқарып жатқан қызметтеріңіз аса маңызды әрі құрметті. Еңбектеріңіз жана берсін, табыс пен амандық тілеймін!» — деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Марапатталғандар қатарында:
🔹 Бейсебаев Бәкен Тұрарқұлұлы — Мойынқұм ауданының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін медалмен марапатталды.
🔹 Касабеков Мурат Метербекович — су саласындағы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
🔹 Ибраев Ерлан Болысбаевич — өз ісіне деген жауапкершілігі мен табандылығы үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шара барысында марапат иелері су саласында еңбек етудің жауапкершілігі мен маңыздылығы жайында пікірлерін білдіріп, аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.

Мойынқұм өңірі үшін су – стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Ал бұл саланың дамуы мен жүйелі қызмет етуі – осындай тәжірибелі мамандардың тынымсыз еңбегінің жемісі екені анық.