Мойынқұмдық өнерпаздар Ташкент төрінде топ жарды

Мойынқұмдық өнерпаздар Ташкент төрінде топ жарды

2025 жылғы 7 маусымда Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында жас өнерпаздар арасында өткен халықаралық байқауда Мойынқұмдық бүлдіршіндер ел мерейін асқақтатты. Хореография жанры бойынша сынға түскен 108 ұжымның арасынан суырылып шыққан "Аяла" және "Шаттық" би топтары байқаудың шоқтығы биік өнер иелері ретінде танылды.

Өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген талантты ұжымдар қатысып, ұлттық нақыштағы билерін ортаға салды. Байқау хореографияның түрлі бағыттарын қамтығанымен, әсіресе халық биі санатындағы қойылымдар көрерменнің де, қазылардың да ерекше ықыласына бөленді.

Мойынқұм ауданынан қатысқан "Аяла" би тобы сахнада "Көктем" биін әсем қимылмен бейнелеп, табиғаттың жаңаруы мен жастықтың жарқын сәттерін би тілімен өрнектеді. Ал "Шаттық" би тобы өз өнерін "Бұрымды батырлар" қойылымымен көрсетіп, қазақ қызының өр рухы мен батыр болмысын әсерлі жеткізе білді. Әр қимыл мен әр қадам – ұлттық болмыстың айнасы іспетті болды.

Қазылар алқасы қатысушылардың жас ерекшелігіне, би техникасы мен көркемдік мазмұнына ерекше назар аударып, үздіктерді әділ бағалады. Нәтижесінде Мойынқұмдық қос би тобы да өз аталымдарында бірінші орын иеленіп, елге жеңісті қуанышпен оралды.

Барлық қатысушыларға диплом, медаль және арнайы статуэткалар табысталып, олардың еңбегі мен таланты лайықты түрде марапатталды. Бұл жеңіс – тек бишілердің ғана емес, аудан өнерінің де өрлеуін көрсеткен жарқын сәт болды.

Әр жетістік пен жеңістің артында тынымсыз еңбек пен талмас талпыныс жатады. Мойынқұмдық қос би тобының халықаралық сахнадағы табысты өнер көрсетуінде сол еңбектің иесі — өнер мектебінің хореографы, білікті ұстаз Омарова Назира Мақсұтқызының үлесі ерекше екенін атап өтпеу мүмкін емес.

Назира Мақсұтқызы — би өнерінің қыр-сырын шәкірттерінің бойына сіңіріп, оларды сахна мәдениетіне, ұлттық рух пен көркемдік талғамға баулып келе жатқан шын жанашыр ұстаз. Ол әр баланың дарынын танып, шеберлікпен шыңдай білетін тәжірибелі жаттықтырушы.

"Аяла" мен "Шаттық" топтарының сахнадағы әрбір қимылы мен әсерлі композициясының астарында Назира апайдың жылдар бойғы еңбегі, қажыр-қайраты мен шексіз махаббаты жатыр. Ұстаз еңбегінің шуағы шәкірттерінің жарқын өнерінен көрініс тапты.

Омарова Назира Мақсұтқызының осы байқаудағы жеңіс арқылы тағы бір мәрте ел алдында еңбегі еленіп, мойындалды. Оның тәрбиелеген әрбір шәкірті – қазақ би өнерінің болашағына жол ашатын шырақ іспетті.

Өнер әлемінде биікке ұмтылған жас таланттардың бұл жетістігі – болашаққа деген нық сенім мен үлкен үміттің белгісі. Мойынқұмдық өнерпаздардың жеңісі – ұлт мәдениетінің биік рухын тағы бір мәрте танытқан айрықша оқиға болды.