
Өңірдегі су тұтынудың ең жоғары деңгейі Түрікменстанда тіркелген.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жан басына шаққандағы су тұтыну деңгейі ең төмен мемлекет ретінде танылды. World Population Review аналитикалық сервисінің дерегінше, елімізде бір адам тәулігіне орта есеппен 3 397 литр су пайдаланады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғызстанда бұл көрсеткіш 4 153 литрге, Тәжікстанда — 4 460 литрге, ал Өзбекстанда — 4 778 литрге жетеді.
Ал өңірдегі ең жоғары су тұтыну деңгейі Түрікменстанда тіркелген — бір адам тәулігіне 15 445 литрге дейін су пайдаланады. Сервис мәліметінше, бұл ел жан басына шаққандағы күнделікті су тұтыну көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұр.
Сарапшылар Орталық Азия елдеріндегі су тұтынудың жоғары болуын бірнеше фактормен байланыстырады. Соның негізгі себептерінің бірі — ауқымды суаруды қажет ететін ауыл шаруашылығының дамуы. Әсіресе мақта, күріш секілді ылғалды көп қажет ететін дақылдарды өсіру барысында су көлемі көп жұмсалады. Өңірдегі судың басым бөлігі дәл осы ирригациялық жүйелерге кетеді.
Бұдан бөлек, су тұтыну көлеміне ыстық әрі құрғақ климат та әсер етеді. Жаз мезгілінде суға деген сұраныс халық арасында да, аграрлық секторда да арта түседі. Кей елдерде ескі инфрақұрылым мен тозған каналдардың салдарынан су тасымалдау кезінде-ақ көп мөлшерде жоғалады.
Мамандардың айтуынша, статистика тек тұрмыстық тұтынуды ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығында пайдаланылатын суды да қамтиды. Сондықтан жан басына шаққандағы көрсеткіштер адамдардың күнделікті тұрмыста қолданатын су көлемінен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Еуропа елдерінде жан басына шаққандағы су тұтыну көрсеткіші Орталық Азиямен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мәселен, Германияда бір адам тәулігіне шамамен 856 литр су пайдаланса, Францияда — 1 236 литр, Аустрияда — 1 144 литр, ал Финляндияда шамамен 3 414 литр су жұмсалады. Салыстырмалы түрде, Қазақстанда бұл көрсеткіш тәулігіне 3 397 литрді құрайды.