Оның айтуынша, саммит Біріккен Ұлттар Ұйымының серіктестігімен өтеді, сондықтан БҰҰ жүйесінің бейінді агенттіктері Саммитті дайындауға және өткізуге белсенді қатысады.
«ЮНИСЕФ, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік және Халықаралық энергетикалық агенттік сынды ірі ұйымдар негізгі сараптамалық және мазмұнды қолдау көрсетеді. Олардың қатысуы тұрақты дамудың жаһандық басымдықтарын ескере отырып, саммиттің күн тәртібін қалыптастыруға және озық халықаралық тәжірибеге сүйенуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Саммитке деген жоғары қызығушылық байқалады, бұл тіркелген қатысушылар санының едәуір болуымен расталады. Қазіргі уақытта 2 892 қатысушы тіркелді, олардың мыңнан астамы — шетелдік өкілдер», – деді спикер.
Сондай-ақ мемлекет басшыларын, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, министрлер мен делегация басшыларын қоса алғанда, 93 жоғары лауазымды қонақтың қатысуы күтілуде. Бұл іс-шараға елімізге елеулі саяси салмақ беріп, оның халықаралық маңыздылығын айқындай түседі.
Айта кетерлігі, Саммит ең алдымен нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Оның қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының экология және орнықты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы бірлескен декларациясы қабылданады деп күтілуде.
Сонымен қатар қабылданған шешімдерді іске асыру құралы ретінде Орталық Азияның орнықты болашағы үшін БҰҰ агенттіктерімен бірлескен Өңірлік іс-қимыл бағдарламасы айқындалады, ол Саммиттің тақырыптық бағыттары бойынша өңірлік бастамаларды қамтиды.
Шара аясында табиғат жайлы бастамаларды іске асыру, соның ішінде циркулярлық экономика бойынша әріптестіктің Негіздемелік бағдарламасын қалыптастыру көзделген. Аталған бағдарлама өндіріс пен тұтынудың орнықты модельдерін дамытады. Бұл ресурстарды неғұрлым ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеп, оларды экономикалық айналымға қайтару, сондай-ақ қоршаған ортаға түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайту моделіне көшу туралы сөз қозғалады. Бұл тәсілдерді іске асыру бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, инвестиция тартуға ықпал етеді, инновациялық шешімдерді енгізуді ынталандырады және өңірлік ынтымақтастықты нығайтады.
