
Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,
Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап,
мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,
Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,
бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,
мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,
табиғатты аялау қажеттігін мойындап,
бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,
келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,
Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.
І бөлім
Конституциялық құрылыс негіздері
1-бап
Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2-бап
Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика.
Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.
Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады.
Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге.
Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
3-бап
Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті
қолдау.
Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
4-бап
Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі.
Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.
5-бап
Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің
нормалары.
Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.
Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы – оларды қолданудың міндетті шарты.
Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.
Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.
6-бап
Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады.
Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.
Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.
Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.
7-бап
Дін мемлекеттен бөлек.
Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.
8-бап
Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.
Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.
Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
9-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.
10-бап
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.
11-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.
II бөлім
Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер
12-бап
Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар.
Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.
Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.
13-бап
Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.
Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.
14-бап
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.
15-бап
Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.
Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар.
Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.
16-бап
Заң мен сот алдында бәрi тең.
Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.
17-бап
Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы.
Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
Өлім жазасына тыйым салынған