Оның айтуынша, қазақстандық сарапшылар балалармен болған қайғылы жағдайлардың 80%-ы ересектердің кінәсінен болатынын мойындап отыр. Ата-аналар, көбіне, тәуекелдерді бағаламайды. Балаларды ашық терезелердің немесе су қоймаларының жанында қараусыз қалдырады, баланы көлікте автокреслосыз тасымалдайды, дәрі-дәрмектер мен химиялық заттарды қолжетімді жерде сақтайды.
«Мемлекеттік органдар ДДҰ және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, жарақаттанудың алдын алу бойынша бірқатар бастама әзірледі. Жүйелік профилактика тәуекелдерді түбегейлі төмендетуі мүмкін. Ата-аналардың білімін күшейту, қоршаған ортаның қауіпсіздігін жақсарту қажет. Балалар үйдегі қауіпті жерлерге қол жеткізе алмауы керек, сыртта қауіпсіз ойын алаңы болуы қажет», - деді спикер.