Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, бірқатар жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату және халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды.
Алдымен облыс әкімі Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын тексерді. Бұл көше қала тұрғындары жиі пайдаланатын маңызды көлік жолдарының бірі саналады. Сондықтан жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуы тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді.
Ербол Қарашөкеев құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, сапаны қатаң бақылауда ұстауды және тұрғындар мен көлік қозғалысына келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуды тапсырды. Сонымен қатар азаматтардан түсетін ұсыныстар мен шағымдарға жедел ден қойып, тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Аралау барысында өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар басшыларына тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеудің маңызын ерекше ескертті.
– Қаланы өздеріңіз де тұрақты аралап тұрыңыздар. Бұл бағытта аудан әкімдеріне де нақты тапсырмалар берілді. Әрбір әкім кабинетте отырмай, ел ішіне шығып, тұрғындардың мәселелерімен тікелей танысуы қажет. Қазір облыс көлемінде көптеген құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан нысандарды көзбен көріп, тұрақты бақылауда ұстағанда ғана нақты нәтиже болады, – деді облыс әкімі.v
