с
Сондай қаламгердің бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Шаяхмет Құсайынұлы. Ол Әулиеата топырағында туғанымен, қазіргі таңда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында тұрады. Қаламгер Шаяхмет Құсайынұлының 75 жасқа толған мерейтойына орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қаламгердің сара жолы» атты кітапхана қызметкерлері және студенттермен кездесу кеші қызықты сәттерімен ерекшеленді.
Іс-шараны Шаяхмет Құсайынұлы өзі ашып, өмір жолын айтып өтті. Мектеп оқушысы кезінен көркем әдебиетті, сатиралық кітаптарды көп оқып, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлының өлеңдерін жаттап өсіпті. Аппақ арманын үкілеп Әулиеата жерінен ару Алматыға қанат қаққанына 59 жыл. Әуелі училищеде оқып, 18 жасында Теңіз флотына әскер қатарына алынғанын сәттілікке балайды. 3 жыл 6 ай теңіздің астында жүрген кезінде көптеген талай қиындықтармен бетпе-бет келіпті.
Әскерден шынығып ширап келген соң полиция саласында қызмет еткен. Сол әскери Теңіз флотында қызмет етуі, полиция саласында тер төгуі оның қаламгерлік қасиетінің жетіле түсуіне ықпал еткенін аңғардық.
Ш. Құсайынұлы детектив жанрының шебері, белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың бағыт беруімен ізденіп, детектив жанрында да бірнеше кітап жазыпты. Ал жазған шежіре, жыр жинақтары үлкен ізденістің жемісі. Ол патриоттық тақырыпта жазылған бірнеше өлеңін оқып берді.
Кешке арнайы келген ақынның замандасы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Меңдібай Әбілұлы кеш иесінің өлеңдері туралы ғылыми мақала жазғанын айтса, кітапханашылар қонақтың жырларын жатқа оқыды.
Қаламгер Қамар Қарасаева, жас ақын Ерлан Нұрланов, Шаяхмет Құсайынұлы жайлы кеңінен қамтып, шығармашылығы жөнінде сөз қозғады. Әдемі сыр сұхбатпен өрілген кеште Шаяхмет Құсайынұлының сөзіне жазылған «Алғашқы махаббатым» әні орындалды.
Іс-шараны аталған кітапхананың директоры Эльмира Абдинова қорытындылап, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ