Ол шағын ауылда тұрып-ақ табыс табудың көзін тапқан. Әрі халыққа таза, шипалы сусын ұсынып отыр.
– Көршілес Қорағаты ауылының қызымын. Әкем мен анам 40 жыл қымыз өндірумен айналысты. Бала кезімнен анамның қасында көмектесіп жүріп, біраз істі біліп өстімдесем қателеспеймін. Қымыздың бабын келтіріп дайындау үшін жерді қазып, күбіні ыстап, майлайтынын талай көрдім. Сонда анам күбіні ыстағанда қалай майлау керегін, барлығының таза болуына ерекше көңіл бөлуді айтып жүретін. Ыстағанда тек бидайдың немесе арпаның сабанын қолдануды ескертетін. Анам бие сауғанда әкем биенің аяғын өрелеп байлап, тартып, басын ұстап тұратын. Бұл еңбектегі басты ұстаздарым әкем мен анам, – дейді Орынкүл Әлмаханбетқызы.
Ол жеке кәсіпкер ғана емес, көпбалалы ана. Бүгінде жолдасы екеуі 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсіріп отыр.
– Балаларды жақсы тәрбиелеп , қатарынан қалдырмай өсіріп, жеткізуде ата-ананың алар міндеті үлкен. Сол мүддені өтеу үшін күйеуіме көмекші болып, бәріміз жалғыз жалақысына қарап отырмайық деген ниетпен үйде отырып табыс табуды ойладым. Үйде ба ла ларымның, ат а-ене, күйеуімнің күтімін жасап жүріп, табыс көзі болар іс бастағым келді. Жолдасыма бие сатып алып беруін өтіндім. Ақбоз бие әперді. Көрші ауылда тұратын анамды шақырып, бие сауып, қымыз жасауды қайталап көрсетуін өтіндім. Анам құр келмей, өзі сонша жыл қолданған күбісі мен піскішін әкеліп, бәрін басынан бастап үйретті. Кәсіп ашуға ниеттілерге арналған қайтарымсыз грант барын естіп, «Бастау бизнес» курсын оқып, бизнес жоспар жаздым. 2 құлынды бие мен 55 литрлік арша күбі аламын деп жоспарлап, конкурсқа қатысып, 1 миллион 572 мың теңге ұтып алдым. Конкурсқа 99 қатысушының 98-шісі болып қатыстым. Шүкір, отбасымда төрт бала тәрбиелеп отырған анамын. Мүмкін, конкурста жолымның болуына о сы нәрестелерімнің нәсібі үстем түскен де шығар, – деген келіншектің сөзінен шүкірлігі басым, баланың бақыты үшін еңбектен аянбайтын аналық махаббат байқалды.
Қазір Орынкүлдің қолынан шыққан қымызды Ақтөбе, Алматы, Астана қалалары мен Меркі ауданының тұрғындары тапсырыспен алады. Ал Алматыдағы тұрақты тұтынушысы 100-200 литр тапсырыс беріп, сатып алып отыр. Қызылшаруамен көршілес орналасқан Бәйтелі, Ақбұлақ және Қорағаты ауылдарында, одан арыдағы шағын фермаларда ешкім бие саумайды екен. Сондықтан осы аймақтағылар да ас беріп, той өткізсе, қымызды Орынкүлден алатындықтан, бұл сусынға деген сұраныс жоғары.
– Қайтарымсыз грантпен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырған мемлекетімнің барына қуанамын. Рақмет айтамын. Оған қатысу да аса қиын емес. Мен секілді қаншама келіндер ауылда тек үй шаруасымен айналысып бос отыр. Міне, осындай жандарға қайтарымсыз грант беру жолдары өте қолайлы. Мелекеттің қолдауына ие болып, кәсіп ашып, халыққа таза азықтүлік ұсынып, агроөнеркәсіп өнімдерін өндірсе, өздеріне де табыс, елді де қауіпсіз азықтүлікпен қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлігімді кеңейтіп, биелер қатарын көбейтіп, қазақтың құнарлы қымызын шетелдерге жіберсем деген ойым бар. Егер сол мақсатыма қол жеткізсем, бос жүрген өзімнің ауылдастарымды жұмыспен де қамтуыма мүмкіндігім болар еді. Келер күнге жоспар да, алға қойған мақсаттарымыз да көп. Жаратқан Ием бұйыртса, ол күн де алыс емес деп ойлаймын. Қазір жастар кола, горилла секілді зиянды сусындарға құмар, солардың орнын бал қымызбен толықтырсақ, денсаулықтарына да пайдалы болмас па еді. Өзім қымызды арша күбіде әзірлеймін.Ол тазалықты сақтауға ықпал етуімен қатар, иісі де керемет болады. Ақтаулық тұтынушым киік отымен ыстап дайындағанымды қалайды, ол кісіге солай әзірлеп беремін. Оның да иісі ғажап енді. Емдік қасиеті де көп. Киік отымен ысталған қымыз ұзақ жолға да шыдамды болады, ашып кетпейді. Ол шөп тауда, күн түсетін жерлерге ғана, тастардың арасында өседі. Сол жақтан теріп алып келеміз, – дейді кәсіптің көзін тапқан келіншек.
Бүгінде ол үш биеден алған сүттің бәрінен қымыз дайындайды. Көршілері ем үшін сары саумал да сұрап, оны да әзірлеп береді. Орынкүлдің еңбекқорлығы шағын ауылда тұрып та табысты іскер болуға мүмкіндік барын дәлелдейді. Қолдан келер істі кәсіп көзіне айналдыру өрге бастырары рас.
Қамар ҚАРАСАЕВА