Наурыз құтты болсын!

Наурыз құтты болсын!

Қымбатты Биназарлықтар!
Наурыз ата-бабадан мирас болып жеткен ұлық мереке. Ұлыстың ұлы күні биыл жаңаша сипат алып, көкжиегі кеңейіп отыр. Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізу жоспарланды. Тарихи тұрғыдан он күнге жалғасатын бұл мереке Наурызнама деп аталады. Биылғы Наурыз айының тағы бір ерекшелігі Рамазан айымен тұспа-тұс келуі.
Жалпы осы айда мұқтаж жандарға көмектесу, қайырылымдық көрсету және тағы басқа қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Наурыз мейрамы біз үшін табиғат жасарып, Жер ана бусанып түрленетін кезде тойланатын, әрі адамдардың рухани жағынан тазаруына жәрдемдесетін, қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтатын нағыз жалпыхалықтық мерекеге айналды. Наурыз – бұл ең алдымен бірлік пен түсіністіктің, ізет пен ілтипаттың, қамқорлық пен достықтың мерекесі.
Бағзы кездерде осы күні қантөгіс соғыстар, руаралық қақтығыстар мен кикілжіңді даулар тоқтатылып, өзара өкпе - араздыққа кешірім жасалған. Наурыз дастарханы адамдарға жылы шуақ құйып, жақсы қасиеттерге ұмтылысын оятқан. Бұл күні көпшілік, аулалар мен арық-атыздарды тазалап, ауыл маңына, көшелерге, үй іргесіне тал-дарақтар егіп, жаңа өмірге жаңа көзқараспен бет бұрады.
Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымызда да санитарлық тазалық, көгалдандыру мен көгеріштендірудің екі айлық шарасы кең ауқымда жүргізілуде.
Наурыз татулықтың мейрамы. Көктемнің бұл ерекше күні, яғни қазақтың жаңа жылында күндеріңіз шуақты, татулықтарыңыз тұрақты болсын.
Құрметті жерлестер! Көктемнің осынау күнінде баршаңызға мықты денсаулық, отбасының бақыты мен шаттығын тілеймін. Туған Отанымыз Қазақстанның гүлдене беруі жолындағы бейбіт еңбектің қуанышы мол болсын!