МЕРКІ ТӨРІНДЕ – МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ, ДҮБІРЛІ ДОДА ӨТТІ

МЕРКІ ТӨРІНДЕ – МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ, ДҮБІРЛІ ДОДА ӨТТІ

Еліміздің ерлікке толы тарихын дәріптейтін қос бірдей ұлық мереке − Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Меркі ауданында   кең ауқымды салтанатты іс-шара өтті.

 

Жердің төсін дүбірлеткен бұл күн меркелік рух пен ұлттық бірліктің айқын көрінісіне айналды. Іс-шара алаңында ұлттық нақыштармен  көмкерілген киіз үйлер тігіліп, мол дастархан жайылды.

 

Салтанатты жиын рухты әуенмен басталып, сахнада «Меркі әуендері» ән-би ансамблі, «Тұмар» этно-фольклорлық тобы мен ел сүйікті «Меломен» тобы және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

Мереке барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жиналған жұртшылықты мерейлі мейрамдармен құттықтап, бейбіт өмірдің бағасын ұғынуға үндеп, ел қорғаған ерлерге, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

 

Содан соң,  бірқатар ардагерлер мен белсенді азаматтарды Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Мерекенің мәні мен сәнін арттырған маңызды бөлігі – ұлттық спорт жарыстары болды. Шабандоздар бақ сынасқан тай, құнан және аламан бәйгелер алаң көркін қыздырып, көрерменнің делебесін қоздырды.

 

Ұлттық мереке аясындағы дүбірлі додалар тай жарысымен басталды. 5 шақырымға созылған бұл бәйгеде жүйріктердің шапшаңдығы мен төзімділігі сынға түсті. Қордай ауданынан келген Сапар Ешетовтің «Ақкербез» атты жүйрігі мәреге бірінші жетіп, тай мен жабуын еншіледі. Екінші орынды Алматы облысынан келген Санат Қаниевтың «Дара» атты жүйрігі иеленіп, 200 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Үшінші орын – Рысқұлов ауданының Көгершін ауылының азаматы  Құдайберген Мұраттың «Карамель» атты жүйрігіне  бұйырып, бір қой мен 100 мың теңге ұтып алды.

 

Тай бәйгеден кейін дода қыза түсіп, құнан бәйгеге кезек берілді. 9 шақырымдық қашықтыққа шапқан сәйгүліктердің ішінен Қордай ауданы, Кенен ауылынан келген Мұрат Бекболаттың «Сұлутөр» атты жүйрігі топ жарып, мотоцикл мен 500 мың теңгені жеңіп алды. Ақыртөбе ауылынан келген Нұрғали Жайлауовтың «Бойтұмар» жүйрігі екінші орынды иеленіп, тоңазытқыш пен 100 мың теңгенің иесі атанды. Ал үшінші орын Қордайлық Айдар Нұрмағамбетовтың «Бетпақторысына»  бұйырып, теледидар мен 100 мың теңге ұтып алды.

 

Көпшілік асыға күткен аламан бәйге 25 шақырымға созылып, нағыз жүйріктердің сынына айналды. Бұл жарыста Тұрар Рысқұлов ауданынан Айдархан Нұрбосынның «Самалкүрең» атты сәйгүлігі дара шығып, бас жүлде – квадроцикл мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады.  Екінші орынды да Рысқұлов ауданының азаматы Ермұхамет Бохаевтың «Азамат» атты жүйрігі жеңіп алып, тоңазытқыш пен 200 мың теңгенің иесі атанды. Үшінші болып мәреге жеткен «Нарқасқа» атты сәйгүліктің иесі Талас ауданы, Аққұм ауылының азаматы Шаханов Төлен теледидар мен 200 мың теңге жүлдеге ие болды.

 

Сонымен қатар, осы бәйгелерде 4-5-ші  болып мәре сызығына жеткен жүйріктердің иелері де бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 

Ерлік пен елдік ұштасқан мерекелік күн аудан тұрғындарының жүрегінде қуаныш пен мақтанышқа толы ерекше әсер қалдырды. Бұл күн – ата-баба рухына тағзым етіп, елдіктің қадірін ұғындырған тағылымды той болды.