Жаз мезгілінің жақындауымен табиғи өрт қаупі де арта түсетіні белгілі. Әсіресе, аптап ыстық пен қуаңшылық кезінде дала және орман алқаптарында өрттің тұтану қаупі жоғарылайды. Мұндай жағдайдың алдын алу – тек бір саланың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда, өрттің алдын алу мен жедел әрекет ету қабілетін жетілдіру мақсатында ауданда кешенді шаралар қолға алынуда.
Осы орайда, Меркі ауданында дала және орман өрттерінің алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрттің таралуына жол бермеу мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Бұл оқу-жаттығуға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру қызметінің мамандары, орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері мен техникалары, сондай-ақ ауылдық округтерде құрылған ерікті өртке қарсы жасақ мүшелері қатыстырылды. Жаттығу барысында олардың саптық дайындығы мен техникалық мүмкіндіктері жан-жақты пысықталды.
Іс-шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, өртке қарсы құрылымдардың техникалық жарақтандырылуы мен жеке құрамның кәсіби дайындығын тексерді. Өз сөзінде аудан басшысы:
«Өрттің алдын алу – тек салалық міндет емес, бұл – адам өмірі мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең басты алғы шарты. Дала немесе орман өрттері кенеттен басталып, үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз әрдайым дайын болуымыз керек. Мұндай оқу-жаттығулар – күтпеген апаттың алдын алудың маңызды бөлігі», – деп атап өтті.
Жаттығу барысында өрт сөндіру бөлімдері мен арнайы техникалар төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл әрекеттерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Олар өрт сөндіру сәтіндегі шапшаңдықты, өзара үйлесімді жұмысты және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып әрекет ету қабілеттерін нақты дәлелдеді.
Мұндай оқу-жаттығулар – өрт қаупі жоғары маусым алдында ұйымдастырылатын маңызды шаралардың бірі ретінде, төтенше жағдайлардың алдын алу, жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру, құрылымдардың бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін арттыру бағытында зор маңызға ие.
Аудандық әкімдік пен тиісті мекемелер тарапынан жаз маусымында өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы шаралар жалғасын таба береді.