
Бүгін Меркі ауданында «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. Табиғатты қорғауға, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бұл бастама Тескентоған ауылының жоғарғы жағында арнайы бөлінген аумақтан бастау алды. Мұнда 15 түп қарағаш көшеті отырғызылды.
Шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ауылдық округтердің әкімдері мен мамандары, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, мекеме басшылары мен ұжымдары қатысты. Жалпы акцияға 100-ден астам азамат атсалысып, қоршаған ортаны көркейтуге өз үлестерін қосты.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жалпы аудан аумағында 60 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, ауданды көгалдандыруға, ауа сапасын жақсартуға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
Ағаш отырғызу – тек бүгіннің ғана емес, келешек ұрпақтың игілігіне жасалған қадам. Осы орайда, аудан тұрғындары мен мекемелерінің белсенділігі алдағы жоспарлардың сапалы жүзеге асуына серпін берері сөзсіз.