Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен ынтымақтың мерекесі! Биылғы Ұлыстың ұлы күні Меркі ауданында кең көлемде аталып өтті.
Орталық саябақта тігілген ақшаңқан киіз үйлердің ішінде ұлттық салт-дәстүр мен мәдени құндылықтар дәріптеліп, келушілерге арнайы көрмелер ұйымдастырылды. Ауданның этномәдени бірлестіктері өздерінің ұлттық дәстүрлерін паш етіп, мерекенің сәнін кіргізді. Мекемелер арнайы шатырлар тігіп, қонақтарға дәм ұсынып, қонақжай дәстүрлеріміз ұлықталды.
Мерекелік шара ұлттық нақыштағы ән-күймен басталды. Қазақы киім киген өнерпаздар әуелете ән шырқап, күмбірлеген күй төгіп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аниматорлар мен арнайы фотоаймақтар келушілердің ерекше ықыласына бөленді.
Наурыз – тіршілік атаулының жаңару символы. Осыған орай, мереке аясында тал егу рәсімі ұйымдастырылып, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов ақсақалдармен бірге алғашқы көшетті отырғызды. Ақсақалдар елдің береке-бірлігі арта берсін деген ізгі тілектерін жолдады.
Саябақ төріне тігілген сахнада театрландырылған қойылым қойылып, «Меркі» халық театры өнер көрсетті. Әжелер мен ақсақалдар алқасы көпшілікке бата беріп, Қыдыр ата «Ұлыс оң болсын!» деп ізгі тілегін жеткізді.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекенің ынтымақ пен бірліктің символына айналғанын атап өтті.
- «Биылғы Наурыз мерекесі Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында кеңінен тойлануда. Бұл – дәстүрімізді жаңғыртып, мерекеміздің мәнін тереңдететін үлкен қадам. Наурызнама онкүндігі аясында еліміздің әр аймағында көрісу күні, қайырымдылық шаралары, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ағаш отырғызу, ұлттық спорт пен ойындарды насихаттау, тазалық акциялары ұйымдастырылып, халқымыздың асыл дәстүрлері дәріптеліп келеді. Бұл игі шаралар қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды жаңаша қырынан танытуға жол ашуда», − деді аудан әкімі.
Шараның мерекелік бағдарламасы аудан өнерпаздарының ән-жырымен жалғасып, «Ай-Ару» бишілер тобы мың бұрала би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашса, белгілі өнер майталманы, мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау мақсатында тұсаукесер рәсімі өткізіліп, балдырғандарға ақ жол тілеген аналар шашу шашты.
Мереке аясында орталық стадионда түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қол күрес, шахмат, дойбы, асық ату, садақ ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, гір тасын көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.Шара соңында жиналған қауымға наурыз көже ұсынылып, ақ дастарханнан дәм татылды.