Күн тәртібінде Аспара, Кеңес, Тәтті ауылдық округтерінің «Ауыл аманаты» жобасына дайындық жұмыстары қаралды.
Ауыл әкімдерінің баяндауынша, Аспара ауылдық округі бойынша 58 тұрғын жоба аясында 2,5 пайызбен несие алуға ниет білдіріп отыр. Ал, Тәтті ауылдық округі бойынша жобаға ниет білдірушер саны 150 ден асып, нақты 96 азаматтың құжаттары жинақталған. Кеңес ауылдық округінен 123 тұрғын несие алуға өтінім берген.
Аудан әкімі мүмкіндігі мол, талаптары оңтайлы бұл жобаның тиімді тұстарын тұрғындарға барынша түсіндіріп, жобаның барлық бағыты бойынша несиелендірудің жолдарын қарастыруды ауыл әкімдеріне тапсырды.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты халықтың табысын арттыру болғандықтан, кәсіпкерлік бағытындағы жобаларға басымдық беру керектіне тоқталды.
Сонымен қатар, аппарат кеңесінде бұқаралық спортты дамыту мәселесі қаралды. Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Ерлан Нұрланұлының баяндауынша, жыл басынан бері 240 спорттық шара өткізіліп, оған 20250 адам қамтылған.
Жорабек Нұрмергенұлы спорт бөлімі мен бұқаралық спортты дамыту орталығының басшыларына бұқаралық спортпен шұғылданатын аудан тұрғындарының үлесін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ кеңесте аудандағы екі айлық санитарлық тазалық жұмыстары бойынша қосымша берілген тапсырмалардың орындалуы қаралды. Аудан әкімі аппарат басшысына белгіленген межені орындамаған ауыл әкімдерінен түсініктеме алуды тапсырды.