АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ БАСТАЛАДЫ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ БАСТАЛАДЫ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ БАСТАЛАДЫ

 

Үстіміздегі жылдың 25 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға және сайлау мәселелері бойынша басқа да заңнамалық актілерге қол қойғаны мәлім. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Меркі аудандық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» аудандық семинар – кеңес болып өтті.

 

Аудан орталығы Меркі ауылында мәдениет үйінде санитарлық талаптарға сәйкес өткізілген жиынға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы, Меркі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Қожамберді Думан Мақсұтұлы, бірқатар тиісті бөлім басшылары, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты.

Айдапкелов Серғали Өмірзақұлының төрағалығымен өткен семинар – кеңес барысында әкімдердің тікелей сайлауын өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру, науқанды қаржыландыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Мәселелер ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып қаралды.

Семинар – кеңес бағдарламасына сай, Меркі аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Абылкасымов Шорман Төреханұлы «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына түзетулерді іс жүзіне асыру туралы» баяндамаларын жасады. Сонымен қатар, Меркі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Қожамберді Думан Мақсұтұлы «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен өзара іс – қимылы туралы» сөз қозғаса, Меркі ауданы сайлау комиссиясының хатшысы Далиева Гулмира Бухашқызы «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі сайлау құжаттары нысандарының жобалары» және «Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлау науқанын қаржыландыру мәселелері» жайында баяндап берді. Ал, аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Тлеулиев Есгали Турсынович «Әкімдерді сайлау мәселелері бойынша түзетулерді іске асыру үшін қабылданған ҚР Орталық сайлау комиссиясының заңға тәуелді актілері туралы,аталмыш аудандық комиссия мүшесі Самбетов Бахтияр Жолдасұлы «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс – шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарының жобасы туралы» хабарлама жасады. Басқосуда сұрақ-жауапқа кезек беріліп, өзара пікір алмасқан кеңес қатысушыларына әдістемелік ойын ұйымдастырылды.

Кеңес барысында Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы сайлау жүйесінің және сайлауды ұйымдастыруға тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған үлкен міндеттерді толыққанды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерінен құзыреттілікті, жұмыстарының үйлесімділігін ерекше талап ететінін жеткізді.

- Жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылармен сайлау өткізуде біраз міндеттер жүктелген. Біріншіден - сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтап, сайлауды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету. Екіншіден – сайлау күні санитарлық нормаларды сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлу. Үшіншіден, сайлауға қатысатын сайлаушылардың тізімін айқындау және нақтылау жұмыстарының дұрыс болуы. Төртіншіден, сайлаушыларды тасымалдау мәселесі мен үйде дауыс беретін сайлаушыларды қамту мәселесіне жіті назар аудару. Соңғысы, әлеуметтік – саяси ахуалдың тұрақтылығы, - деді Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы.

Бұған қоса шарада «Пандемия жағдайында ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын өткізу туралы» аудандық санитарлық - эпидемиологиялық бақылау басқармасы  басшысы Кударова Дильдаш Кабирқызы, «Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету» жөнінде аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тұрсыналы Тоғжан Тұрсыналықызы, «Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жантаев Ринат Құдайбергенұлы баяндады.