ХҚО-ға ASHYQ-пен

ХҚО-ға ASHYQ-пен

Құрметті қызмет алушылар, Ashyq қосымшасы арқылы кәсіпкерлік, мәдениет және спорт нысандары жұмыс істейтінін білесіздер. Ал енді бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің (2021 жылғы 11 маусымдағы № 27) қаулысына сәйкес ХҚО-лар Ashyq сервисі арқылы клиенттерді қабылдай бастайтын болады. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар азаматтар мемлекеттік қызметтерді кезекті брондамай-ақ ала алады. Ashyq қосымшасы бойынша барлық қалада ХҚО-ға кіруге болады. Қалалардың әрбір фронт-офисіне сканерлеу үшін арнайы дербес QR-код беріліп, ол кіреберісте ілінеді. Бұл заманауи сервис негізінде ХҚО-лар клиенттерді көбірек қабылдап қана қоймай, сонымен қатар қызметкерлер мен келушілердің аман-саулығын қамтамасыз ете алады. Бұл ретте кезекке алдын ала брондау мүмкіндігі бұрынғыша қалады. Оның артықшылығы – сіз белгіленген уақытта оператордың қабылдауына бірден өте аласыз. Егер смартфоныңызда Ashyq қосымшасы болмаса, жақында ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана аласыз. Біз халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Тіпті сізде осы қосымшалар болмаса да, мәртебеңізді ХҚО қызметкерлері сіз ұсынған ЖСН бойынша анықтайтын болады. ХҚО-ға келушілер санының артатынын түсінеміз. Сондықтан баршаңызды санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауларыңызды сұраймын. Міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдануды ұмытпаңыз.