Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай “СПОРТ – ЖАСТАРДЫҢ ЖАНЫ ЖӘНЕ МЫҚТЫ ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ЖЕМІСІ” атты 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық волейбол жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты өтті. Бұл спорттық шара жас буынның салауатты өмір салтын ұстануына серпін беріп, өңір жастарының басын қосты.
Жарыстың ашылу салтанатында “Жастар ресурстық орталығы” КММ директорының орынбасары А. Кушикбай сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жастардың достық қарым-қатынасын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттырады.
Аталған додаға облыс бойынша 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, Тараз қаласынан екі команда, сондай-ақ Т. Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандары және Меркі ауданынан үш команда бақ сынады.
Тартысқа толы өткен жарыс қорытындысы бойынша І орынды Т. Рысқұлов ауданы иеленсе, ІІ орын Меркі ауданына бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Тараз қаласының командасы қанағат тұтты.
Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше өнер көрсеткен спортшылар жеке номинациялармен марапатталды. “Үздік шабуылшы” атағы Дембосын Шахизатқа берілсе, “Үздік байланыстырушы” номинациясын Боранбай Мейіржан иеленді. Ал “Үздік тосқауылшы” атағына Алтынбек Рауан лайық деп танылды.
Жарыс барысында жас спортшылар жоғары шеберлік пен тыңғылықты дайындықтарын көрсетіп, шынайы бәсекелестік пен достық рухын айқын сездірді. Бұл дода олардың болашақтағы үлкен спорттағы жетістіктеріне берік негіз болары сөзсіз.