СҰРАТ ПЕН ЖАҢАТОҒАН ОКРУГТЕРІ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САУАЛДАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

СҰРАТ ПЕН ЖАҢАТОҒАН ОКРУГТЕРІ  ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САУАЛДАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың тұрғындармен тұрақты кездесулері жалғасуда. Бүгінгі кездесулер Сұрат және Жаңатоған ауылдық округтерінде өтті.

Кездесу барысында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, негізгі салаларда оң өсім қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың сауалдарына жауап берді.

Сұрат ауылында өткен кездесуде тұрғындар №19 Сыпатай батыр атындағы мектеп ғимаратының күрделі жөндеу мерзімі, ауыл әкімдігі ғимаратының құрылысы, электр желілерінің тозуы, сондай-ақ балабақшаны газға қосу мәселелерін көтерді.

Аудан әкімі аталған мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Атап айтқанда, мектепті күрделі жөндеу жұмыстары алдағы жылдарға жоспарланғанын, әкімшілік ғимаратының құрылысы жақын уақытта аяқталатынын айтты. Сондай-ақ, электр бағаналарын жаңарту жұмыстары тиісті мекеме тарапынан жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, ал балабақшаны газдандыру бойынша жауапты мекемеге нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті.

Түстен кейін Жаңатоған ауылдық округінде өткен кездесуде де тұрғындардың мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдары бірлесіп талқыланды. Көтерілген барлық сұрақтар бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.