МЕРКІДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

МЕРКІДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың Меркі ауданы тұрғындарымен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған тұрақты кездесулері басталды. Аудан әкімінің алғашқы кездесуі орталық Меркі ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан Ербол Жиенқұлов ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы ауданның негізгі даму бағыттарында оң көрсеткіштер қалыптасқан. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы 44 млрд. 185,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,3 пайызды құраған. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 92 717,2 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8773 гектарға ұлғайған.

Өнеркәсіп саласында да оң нәтижелер бар. 2025 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан 15 млрд. 358,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған.

Кездесу барысында аудан әкімі орталық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұған дейін тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысын баяндады.

Атап айтқанда, Меркі ауылындағы «Балдаурен» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу, тау шатқалына апарар жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ Меркі шипажайы елді мекеніндегі ауыз су мәселесі бойынша тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің бүгінде оң шешімін тапқанын жеткізді.

Сонымен қатар, аудан әкімі округ аумағында, жалпы аудан көлемінде әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер бар екенін атап өтті. Бұл бағытта оларды кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жоспарлар әзірленіп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Кездесу барысында Ербол Жиенқұлов тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Осы күні түстен кейін аудан әкімі дәл осындай кездесуін Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен өткізді.