МЕРКІДЕ КӨКТЕМГІ ИГІ БАСТАМА: АУДАН БОЙЫНША АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

МЕРКІДЕ КӨКТЕМГІ ИГІ БАСТАМА: АУДАН БОЙЫНША АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында еліміз бойынша «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» кең көлемде атап өтілді. Ауқымды экологиялық бастама Меркі ауданында да жалғасын тауып, өңір тұрғындары бір кісідей жұмылып, ағаш егу жұмыстарына белсене қатысты.

Алдын ала белгіленген жоспарға сәйкес, ауданның барлық елді мекендерінде көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде Рысқұлов ауылдық округінде 5000 түп ағаш отырғызылып, игі іс ерекше қарқын алды.

Аталған шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ауыл ақсақалдары, аудан жастары, түрлі мекеме қызметкерлері және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.

Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Одан кейін қатысушылар Интернационал ауылының ортасындағы арық арнасын жағалай тал отырғызып, елді мекеннің көркін арттыруға атсалысты. Сонымен қатар, округ орталығы Рысқұлов ауылында және өзге де аумақтарда белгіленген жерлерге көшеттер егілді.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде ағаш егу – болашақ ұрпаққа қалатын игі мұра екенін атап өтіп, бұл бастама табиғатты аялау мен туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі екенін жеткізді. Сондай-ақ, мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтты.

Айта кету керек, ағаш отырғызу жұмыстарымен қатар аудан көлемінде жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, елді мекендерде тазалық жұмыстары қатар жүргізілді.

Осындай игі бастамалар арқылы Меркі өңірі жылдан-жылға көркейіп, жасыл желекке бөлене түсері анық.