МЕРКІДЕ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

МЕРКІДЕ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысу мақсатында, бірнеше шаруашылықтардың алқаптарын аралады. 

Алдымен аудан басшысы «Жеміс-жидек» ЖШС-ның жұмысын көрді. Шаруашылық жетекшілерінің бірі  Бекжан Жүзбаевтың айтуынша, жалпы 204 гектар жер игерілуде. Оның ішінде 10 гектарға көкжидек, 160 гектарға қант қызылшасы, 6 гектарға жүгері егілмек, қалғанына жоңышқа егу жоспарланған. Шаруашылық су үнемдеу технологияларын енгізіп, 100 гектарға тамшылатып суару, 50 гектарға жерасты суару жүйесін орнатуда. Барлық жүйе автоматтандырылған режимде жұмыс істейтін болады. Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдалану үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. 

Келесі кезекте аудан әкімі Меркі ауылындағы «Марат» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық жетекшісі Асхат Ақтамбердиев биылғы жылы 35 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде 10 гектарға бидай егілсе, , 10 гектарға қызылша, 4 гектарға жоңышқа егілмек, қалған жерге қарбыз егу көзделген. Шаруашылық толығымен тамшылатып суару жүйесін енгізген. Суару жүйесіне қажетті электр қуатын арттыру мәселесі бойынша аудан әкімі тиісті тапсырмалар берді. 

Андас батыр ауылдық округіндегі «Нұр П» шаруашылығында да жұмыстар қарқынды. Шаруашылық жетекшісі Біржан Пралиевтің айтуынша, мұнда 270 гектарға сафлор, 430 гектарға бидай, 22 гектарға арпа, 120 гектарға қант қызылшасы егілмек. 

Сонымен қатар, аудан әкімі Жаңатоған ауылдық округіндегі Тажы Рүстемқалиевтің алқабында болып қайтты. Шаруашылықта биылғы жылы 5 гектарға жүгері, 5 гектарға қант қызылшасы егіледі. 

Іс-сапар барысында аудан әкімі шаруалармен өнімділікті арттыру, сапаны жақсарту, жоғары сұрыпты тұқымдарды пайдалану және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жайында пікір алмасты. Ербол Жиенқұлов ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, шаруаларға әрқашан сүйемелдеу жасалатынын жеткізді. 

Айта кетейік, аудан бойынша биыл күздік дақылдар 29 мың гектар алқапқа егілген. Қазіргі таңда жаздық дақылдарға 42 мың гектар жер дайындалып, оның ішінде 24 мың гектарға арпа егу жоспарланған. Бүгінде соның 12 мың гектарына арпа себіліп үлгерген. Сонымен қатар, 3,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу жоспарланып, бұл бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде.