
Бүгін ауданымызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионда «Қош келдің, әз-Наурыз» атты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік алаң ұлттық нақышта безендіріліп, этноауыл көрінісі жасақталды. Орталық алаңда алтыбақан орнатылып, 8 киіз үй мен 11 шатыр тігілді. Киіз үйлер әртүрлі тақырыпта әрленіп, ұлттық тағамдар, робототехника жетістіктері, ұлттық киімдер, қолөнер және бейнелеу өнері туындылары, этномәдени бірлестіктердің көрмелері ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер ұршық иіріп, ақсақалдар елге батасын берді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ белгілі ғалым, профессор, жерлесіміз Намазалы Омашев көпшілікке ақжарма тілегін жеткізді.
Бағдарлама аясында мерекеге арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған қонақтар өнер көрсетті. Олардың қатарында жерлестеріміз тележүргізуші Ұлжан Ибраим, әнші-сазгер Бағлан Бәбіжан, «Дудар-ай» фольклорлық-этнографиялық тобы, радиожүргізуші Нұрбек Қасым және меркілік жас эстрада жұлдызы Біржан Байбол болды.
Сонымен қатар мереке барысында мас-рестлинг, гір және қант көтеру, түйе палуандар белдесуі, әйелдер күресі, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату секілді ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылды.
Қонақтарға арнайы дайындалған ақ дастархан жайылып, ұлттық тағам наурыз көже ұсынылды.