МЕРКІ АУДАНЫНДА ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ТОҒЫСҚАН ШАРА ӨТТІ ⠀

МЕРКІ АУДАНЫНДА ТРАНСФОРМАЦИЯ МЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ТОҒЫСҚАН ШАРА ӨТТІ ⠀

Наурызнаманың онкүндігі аясында 19 наурыз – Жаңару күніне орай Меркі ауданында тағылымы мол, мазмұнды іс-шара өтті. Аудан орталығындағы «Үміт» оқушылар сарайында ұйымдастырылған көрмеде дарынды оқушылардың робототехника, трансформация және мультипликация бағытындағы үздік жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Аталған шараға аудан көлеміндегі бірқатар білім беру мекемелері қатысып, өз шәкірттерінің тың бастамалары мен креативті жұмыстарын таныстырды. Көрмеге қойылған жобалардың қатарында аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі байқауларда жүлделі орын иеленген оқушылардың еңбектері бар.

Іс-шара барысында Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Абдрасилова оқушылардың жұмыстарымен танысып, олардың ізденісі мен жаңашылдығына жоғары баға берді.

Көрмеде оқушылар мультипликация саласындағы жобаларын таныстырып, мультфильмді құрастыру кезеңдері, кейіпкерлерді сөйлету және жасанды интеллект арқылы қимыл-қозғалыс беру тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде адамдарға көмек көрсетуге арналған робот иттің жұмысы таныстырылып, оның дыбыс арқылы бағыт-бағдар беріп, құтқару қызметіне көмектесу мүмкіндіктері баяндалды.

Бұдан бөлек, шарада ауа тазартқыш құрылғылар, ақылды роботтар, жасанды интеллект негізінде жасалған түрлі жобалар, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған QR-код жүйелері таныстырылды. Оқушылар заманауи технологияларды пайдалана отырып, қоқысты сұрыптау мен тазалау, 3D форматта бұйымдар жасау бағытындағы жұмыстарын да көпшілікке көрсетті.

Жаңару күніне арналған бұл іс-шара жас ұрпақтың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық және инновациялық әлеуетін дамытуға зор мүмкіндік берді.