«ӘЛЕМНІҢ НҰРЫ – АНА» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТТІ

«ӘЛЕМНІҢ НҰРЫ – АНА» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТТІ

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық Мәдениет үйінде «Әлемнің нұры – Ана» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Көктемнің көркем бейнесін айшықтаған сахна безендірілуі мерекенің сәнін келтіріп, аналарға деген құрмет пен ілтипатты айқын көрсетті.

Салтанатты кешке аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, барша аналарды төл мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі ерекше рөліне тоқталды. Сондай-ақ аудан әкімінің ықылас гүлі табысталып, аналарға жылы лебіз білдірілді.

Мереке барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес көпбалалы бірқатар ардақты аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық қызметте белсенділік танытып жүрген азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік кештің шымылдығы «Ай ару» бишілер тобының ерекше композициялық биімен ашылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кештің арнайы қонағы, сазгер Нұрлыбек Нығметов нәзік жандыларға арнап әсем әндерін орындап, аналарға деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен жылы әсер сыйлады. Аналарды ардақтауға арналған мерекелік кеш көпшілікке ерекше әсер қалдырып, аналарға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.