Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ардақты аналарды арнайы шаңырақтарына барып құттықтады.
Алдымен Меркі ауылдық округінде тұратын зейнеткер Қалдыкүл Шопаева апаның үйіне барды. Қалдыкүл апа 75 жаста, еңбек жолын тігінші ретінде бастап, кейін әртүрлі салаларда еңбек еткен. Бірнеше жыл бас бухгалтер қызметін атқарып, қазіргі таңда «Байтерек» шаруа қожалығын жүргізіп отыр. Жалпы еңбек өтілі – 42 жыл. Жолдасымен бірге 4 бала тәрбиелеп, 13 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
Содан кейін аудан әкімінің орынбасары Ақарал ауылында тұратын Тұрсын Күрішбаева апаның шаңырағына барды. Тұрсын апа – батыр ана, Алтын алқа иегері және тыл ардагері. Соғыс аяқталғаннан кейін колхозда қара жұмысшы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда 91 жастағы ардақты ана 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұрпақтарының бақытын көріп отыр.