МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АРДАГЕР АНАЛАРДЫ ШАҢЫРАҒЫНА БАРЫП ҚҰТТЫҚТАДЫ

МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ АРДАГЕР АНАЛАРДЫ ШАҢЫРАҒЫНА БАРЫП ҚҰТТЫҚТАДЫ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Көкрекбаев  ардагер аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Алдымен Сарымолдаев ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Жақсылықова Катчакүл апамен жүздесті. Ғасыр жасаған кейуана 1926 жылдың 1 қаңтарында Меркі ауданы Беларық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолында «Красная Октябрь» совхозында қызылша өсіру ісінде аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен. 30 жылға жуық еңбек өтілі бар ардақты ана бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отыр.

Сондай-ақ Ақермен ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Байсуанова Зейнеш апаның шаңырағына барып, мерекелік ілтипатын білдірді. 1932 жылы дүниеге келген Зейнеш апа ұзақ жылдар бойы Ақермен ауылындағы «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ-да шопан болып еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты. Батыр ана атанған ардақты жан бүгінгі күні ұрпақтарының ортасында берекелі ғұмыр кешіп келеді.

Кездесулер барысында Мұратбек Көкрекбаев аналарға ізгі тілегін арнап, аудан халқы үшін олардың өмір жолы – табандылықтың, еңбексүйгіштіктің және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар мерекелік сый-сияпат табыстап, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тіледі.