КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАР ҚАДАМ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАР ҚАДАМ

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов «Асанбай Асқаров атындағы көпсалалы колледжі» педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында аудан басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия қарауына келіп түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулар нәтижесінде Негізгі заңды жетілдіруге бағытталған кешенді жоба әзірленген.

Жаңа редакция Кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» атты жаңа бөлімдер енгізіліп, бірқатар тараулардың атауы мен мазмұны заман талабына сай жаңартылған. Сонымен қатар 77-бапқа және өзге де нормаларға өзгерістер енгізіліп, тұтастай алғанда түзетулер Конституция мәтінінің басым бөлігін қамтып отыр.

Аудан әкімі ұсынылып отырған өзгерістердің тек редакциялық сипатпен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл – құқықтық айқындықты арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және елдің стратегиялық даму бағытын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі конституциялық жаңғыру.

Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.