
Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында аудан кітапханашыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, өзгерістердің елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ реформалардың қоғам сұранысына сай әзірленгенін, халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілгенін жеткізді.
Аудан әкімі кітапхана қызметкерлерінің ағартушылық бағыттағы жұмысына ерекше тоқталып, олардың қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты. Жаңа Конституцияның мазмұнын тұрғындарға түсіндіруде кітапханалардың ақпараттық алаң ретіндегі маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, еркін пікір алмасу өтті.
Конституциялық реформаның мән-маңызын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.