
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қол күресінен әлем чемпионы Жарқынай Сержанқызы Рахымбаеваны қабылдады.
Жарқынай 2026 жылдың 30 қаңтары мен 4 ақпаны аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен армрестлингтен Әлем кубогінде І орынды иеленіп, ел мерейін үстем етті. Аудан әкімі бұл жеңістің ауданымыз бен мемлекетіміз үшін зор абырой екенін атап өтіп, спортшының табандылығы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Жарқынай Рахымбаева 1996 жылы Меркі ауданы, Ақтоған ауылында дүниеге келген. 2011 жылы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектепті бітірген. Ол 2015 жылдан бері республикалық және халықаралық жарыстарда тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді: Қазақстан кубогінің жүлдегері, Азия чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионы, Азия және Әлем чемпионаттарының жеңімпазы. 2018 жылы Әлем чемпионатында топ жарып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы» атағын иеленді.
Соңғы жылдары да табысты өнер көрсетіп, 2024 жылы Азия чемпионы және Молдовада өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Әлем кубогінде және жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетті.
Өз кезегінде Жарқынай көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, көк байрағымызды халықаралық ареналарда желбірету – өзі үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді. Алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтау үшін аянбай еңбек ететінін атап өтті.