
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов ауданның спорт саласының ардагерлері және қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.
Жиында аудан басшысы конституциялық жаңғырту – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Сонымен қатар жаңа редакция жобасының кең қоғамдық талқылаудан өткеніне, қоғамнан түскен ұсыныстар мен пікірлердің ескерілгеніне тоқталды. Ата Заңның құрылымы жаңартылып, оның мазмұны қазіргі заман талаптарына сәйкестендірілгені айтылды. Бұл өзгерістердің барлығы елдегі тұрақтылықты сақтай отырып, саяси және құқықтық жүйені сапалы деңгейге көтеруді көздейді.
Кездесу барысында спорт ардагерлері өз ой-пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен жиында ұсыныстар назарға алынып, өзара пікір алмасу өрбіді.
Аудан әкімі конституциялық реформаларды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың бұл үдерісте белсенді болуы маңызды екенін жеткізді.