«РУХАНИ ЖАУҺАРЛАР» АТТЫ АУДАНДЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

«РУХАНИ ЖАУҺАРЛАР» АТТЫ АУДАНДЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Күні кеше аудандық мәдениет үйінде «РУХАНИ ЖАУҺАРЛАР» атты аудандық дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өтті. Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған байқау қазақ халқының бай рухани мұрасын дәріптеу, дәстүрлі ән мен терме өнерін насихаттау, сондай-ақ өңірдегі талантты өнерпаздарды анықтап, қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Шара жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай өткізілді.

Байқауға ауданның ауылдық округтерінен келген дәстүрлі әншілер мен термешілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқау екі номинация бойынша ұйымдастырылды: терме және дәстүрлі ән. Терме номинациясында қатысушылар алғашқы кезеңде еркін тақырыпта өнер көрсетсе, екінші кезеңде Майлықожа Сұлтанқожаұлының термелерін орындады. Ал дәстүрлі ән номинациясы бойынша үміткерлер бірінші кезеңде халық әндерін аспаптық сүйемелдеумен шырқап, екінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындады.

Қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Шара ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған мазмұнды мәдени іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.