Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында өңірдің еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетті. Сапар аясында жұмысшы мамандармен арнайы кездесу өткізіліп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланды.
Тараз қаласында өткен кездесуде жерлесіміз, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен ардагер шопан Сарбазов Бейсенбек Маханұлы Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапатты Мемлекет басшысы өзі табыстады.
Бейсенбек Маханұлы – Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Екпінді ауылының тумасы. Ол еңбек жолын 1975 жылы «Қызыл Шығыс» колхозында қойшының көмекшісі болып бастап, кейіннен «Жылыбұлақ–Меркі» ЖШС-де аға шопан ретінде ондаған жыл адал қызмет атқарды. Қиын табиғи жағдайларға қарамастан, мал басын арттырып, өнімділікті көтеруде әрдайым алдыңғы қатардан көрініп, жас мамандарға үлгі болды.
Зейнеткерлік демалыста болса да, ауыл шаруашылығы саласынан қол үзбей, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұған дейін де ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен және өзге де марапаттармен марапатталған.
Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алуы – еңбек адамына көрсетілген зор құрмет, ауыл шаруашылығы саласының беделін айқындайтын айрықша оқиға.
Еңбегімен елге үлгі болған жерлесімізді шын жүректен құттықтаймыз!