АУДАН ӘКІМІ ЖАЙДАРМАНШЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ ЖАЙДАРМАНШЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жайдарманшы жастармен кездесіп, олардың шығармашылық жетістіктерін жоғары бағалады. Аудан әкімі әзіл мен тапқырлыққа негізделген жайдарман ойындарының жастардың ой-өрісін кеңейтіп, командалық рух пен жауапкершілікті қалыптастыратын үлкен мектеп екені атап өтті.

Биылғы жылы меркілік жайдарманшылар облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, аудан абыройын асқақтатты. Жазғы кубоктың жеңімпазы атанып, «Nomad» лигасы мен республикалық “Zandy kulki” жобасының чемпионы болған жастардың бұл жетістігі – талмай еңбектенудің, ұйымшылдық пен шығармашылықтың жарқын көрінісі.

Кездесуге жайдарманшылармен бірге ата-аналар, жетекшілер мен демеушілер де қатысты. Аудан әкімі жас өнерпаздарды қолдап жүрген ата-аналарға, жетекші Бақытжан Байназаровқа, «Үміт» оқушылар сарайының директоры Зәуре Төребекқызына және демеушілік танытқан елжанды азаматтарға алғысын білдіріп, бірқатар  марапаттар табыстады.

Ербол Жиенқұлов: «Сахнадағы әр әзіл – ойдың ұшқырлығын, сөздің салмағын сезінуге үйретеді. Сіздердің өнерлеріңіз тек көңіл көтеру емес, жастарға ой салатын, қоғамға серпін беретін күш», – деп атап өтті.

Кездесу еркін пікір алмасумен жалғасып, ата-аналар мен жайдарманшылар өз ойларымен бөлісті. Іс-шара соңында жас өнерпаздарға ауданнан шыққан белгілі ақындардың өлеңдері топтастырылған кітаптар сыйға тартылды.