Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аудандық аппарат кеңесі өтті.
Кеңестің күн тәртібінде аудандағы діни ахуал және алдағы жаңа жыл мерекесіне дайындық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы баяндама жасап, аудан аумағындағы діни ахуалдың, қоғамдық келісім мен қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, мереке күндері кезекшіліктер ұйымдастырылғанын, жауапты мекемелерге тиісті нұсқаулықтар берілгенін жеткізді.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қаралған мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі жалғастыруды, мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Сонымен қатар жаңа жылдық іс-шаралардың белгіленген жоспарға сәйкес, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және қауіпсіз жағдайда өтуін қамтамасыз етуді, барлық жауапты қызметтердің өзара үйлесімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қадағалауды міндеттеді.
Аудан әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі мен мерекелік көңіл күйі басты назарда болуы керектігін атап өтіп, берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауда ұстайтынын жеткізді.