Аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық билер кеңесінің «Билер кеңесі – дауды шешудің тиімді жолы» атты облыстық семинар-кеңесі өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары және арнайы шақырылған спикерлер қатысты.
Семинар-кеңестің ашылуында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов сөз сөйлеп, ел ішіндегі татулықты сақтау, дауларды билер институты арқылы шешудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта билер кеңесімен бірлесіп атқарылатын жоспарлар туралы баяндады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев «Дәнекер» жобасының орындалу барысы жөнінде баяндама жасап, жобаның қоғамдағы өзектілігі мен нәтижелеріне тоқталды.
Меркі аудандық сотының төрағасы Серік Махамбетов «Билер кеңесінің қоғамдағы орны» тақырыбында сөз сөйлеп, дауларды шешудегі билер институтының тәжірибелік маңызы туралы жан-жақты түсіндірді.
Семинар барысында басқа да баяндамашылар билер кеңесінің жұмысын жетілдіру, қоғамдағы татулық пен әділдікті сақтау бағытында ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары таныстырылды.
Жиынды Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов қорытындылап, билер институтының рөлін күшейту бағытында нақты міндеттер айқындады.