Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің төрағалығымен аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында жылыту маусымына байланысты кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Әсіресе тұрмыстық пештерді қолданатын отбасыларға түсіндіру жұмыстарын күшейту, газбен жылыту жүйесі орнатылған үйлердегі қауіпсіздік шараларын сақтау және көмір иісінен уланудың алдын алу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Отырыс барысында Меркі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Нурболат Жармухамбет пен «КазТрансГазАймақ» АҚ филиалының басшысы Мұқағали Миятбек атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жылыту маусымындағы қауіпсіздік талаптарының орындалуы жөнінде ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Айдос Майнаусов кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануды болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу және осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндама жасады.
Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу, аутодеструктивті мінез-құлықтың себептерін анықтау және бейресми көшбасшылармен жүргізілетін жұмыстардың нәтижелері де қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудандық білім бөлімінің басшысы Зауре Абдирасилова баяндады.
Отырыс қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.