ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢДЕГІ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ МЕН ЖОЛДАРДЫ КҮТІП ҰСТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢДЕГІ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ МЕН ЖОЛДАРДЫ КҮТІП ҰСТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аппарат кеңесі өтті.

Кеңестің күн тәртібінде қысқы жылыту маусымының өту барысы, жолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау жұмыстары және ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру бағытындағы мәселелер қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек қысқы маусымға дайындық жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025-2026 жылғы жылыту маусымына аудан бойынша білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына қарасты 148 әлеуметтік нысан толық әзірленген. Жоспарланған 2834 тонна қатты отын қоры жеткізіліп, қазандықтардың жұмысы қалыпты деңгейде. Денсаулық сақтау нысандары түгелдей табиғи газға қосылған. Мәдениет үйлері мен кітапханаларда жылу жүйелері тұрақты жұмыс істеп тұр, проблемалық мәселе жоқ.

Сонымен қатар, 2025 жылғы қыс мезгілінде аудан аумағындағы жалпы ұзындығы 344,4 шақырымды құрайтын республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау жұмыстары үшін қажетті техника, жанар-жағармай және инерттік материалдар толық дайындалған. Республикалық жолдарға жауапты «ДЭУ-36» ЖШС, ал аудандық жолдарға жауапты «Нұрасыл Құрылыс и К» ЖШС қар тазалау және көктайғаққа қарсы жұмыстарды атқаруға әзір екендігі айтылды.

Ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жөнінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев баяндама жасады.

Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жылыту маусымын өз деңгейінде өткізу және қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстауға толық дайын болуды міндеттеді. Сондай-ақ, ауданның сәулеттік келбетін жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуді қатаң тапсырды.