Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов аудан орталығындағы №39 Темірбек Қожакеев атындағы мектеп-гимназия, Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицей және №5 мектеп-гимназияда болып, жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Бұл жүздесу Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстардың бірі ретінде ұйымдастырылды. Кездесуге аудан прокуроры Думан Алдабергенов, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері және білім саласының мамандары қатысып, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті нығайту, тәртіп пен жауапкершілікті арттыру мәселелерін кеңінен сөз етті.
Аудан әкімі өз сөзінде жастардың саналы, отансүйгіш, заңды құрметтейтін азамат болып қалыптасуы қоғамның да, отбасының да, білім мекемелерінің де ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп қабырғасынан бастап құқықтық сауаттылыққа мән беру – келешекте құқықбұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы.
Кездесу еркін форматта өтіп, оқушылар әкім мен сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір білдірді. Балалар білім беру сапасы, қауіпсіздік, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және болашақ мамандық таңдау тақырыптарында ойларын ортаға салды.
Бұндай іс-шаралар жастардың қоғамдағы орнын сезініп, жауапкершілікті терең ұғынуына ықпал ететіндігі сөзсіз. Мектеп оқушылары алдағы уақытта да осындай ашық форматтағы кездесулердің жиі ұйымдастырылғанын қалайтындарын жеткізді.