МЕРКІ АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ КӨКПАРДАН КОМАНДАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

МЕРКІ АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ КӨКПАРДАН КОМАНДАЛЫҚ АШЫҚ ТУРНИР ӨТУДЕ

Республика күні – халқымыздың тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел тағдырын өз қолына алған тарихи кезеңді айшықтайтын маңызды мереке. Осы мереке аясында Меркі ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту және жастар арасында отансүйгіштік рухты нығайту мақсатында көкпардан командалық ашық турнир ұйымдастырылды.

Биылғы жарыстың ерекшелігі – ол тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар өткен жылы республикалық жарыстан жеңіспен оралу барысында жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан жерлестеріміз – Нүркен Төлегенов, Рауан Бақытбек және Нүртілеу Исрайлды еске алу шарасымен ұштасып отыр.

Турнирге барлығы 13 команда қатысты. Олардың ішінде Павлодар және Шымкент қалаларынан келген командалармен қатар, Жамбыл облысының бірнеше құрама топтары да бақ сынауда. Жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайды.

Шараның ашылу рәсімінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сөз сөйлеп, қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, іс-шара барысында ҚР Көкпар федерациясының атқарушы директоры Ғани Дүйсенов, белгілі бапкер Қуан Құрамаев және ұлттық спорттың жанашыры Дәулет Жұмабай сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, ұлттық ойынның қоғамдағы маңыздылығын атап өтті.

Жарыс барысында командалар жоғары деңгейдегі дайындық пен шеберліктерін көрсетіп, көрермендерге тартысты ойын өрнегін ұсынды. Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы марапаттармен және ақшалай сыйлықтармен ынталандырылатын болады.