
25 қазан – Республика күніне орай Меркі ауданындағы Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионда кең көлемді салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында ұлттық қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Мереке барысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, егемен еліміздің еңсесін көтеруге және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Аудан әкімі бұл мерекенің Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы тарихи әрі рухани маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында Құрметті қарауыл Мемлекеттік Туды сахна төріне алып шығып, көпшілік Қазақстан Республикасының Әнұранын бірге шырқады.
Меркілік өнерпаз Мадияр Шалабаев орындаған «Қазақтай ел қайда?» әні көрерменнің зор ықыласына бөленсе, «Үміт сарайы» оқушыларының биі мерекелік кештің сәнін келтірді.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған «Қазақстаным» хоры мен «Меркі әуендері» ансамблінің әуендері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мереке аясында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты іс-шарада республикаға белгілі меркілік әншілер Біржан Байбол, Асыл Жомартов, Аида Срайыл және жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен патриоттық әндер шырқалып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Кешті меркілік өнер иелері Нұрбек Қасым мен Перизат Алпыс жүргізді.