КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНЫ МЕН БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНЫ МЕН БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ДАМУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.

Кеңестің күн тәртібінде кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм салаларындағы жұмыстардың барысы, сондай-ақ бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының қызметі қаралды.

Алдымен ауданның кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Нәрікбаев баяндама жасап, аталған бағыттардағы жұмыстар туралы айтты. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша 9,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, жоспар 100 пайыз орындалған.

Өнеркәсіп көлемін арттыру мақсатында ауданда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде темір бұйымдарын, бетон өнімдерін, балық және сусын өндіретін кәсіпорындар өз қызметін кеңейтіп, жаңа экспорттық бағыттарды игеруде.

Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,6 млрд. теңгені құрап, оның 80 пайызы жеке сектор есебінен қамтамасыз етілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңгенің 189 жобасы ұсынылып, соның 63-і қаржыландырылған.

Келесі болып «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының» директоры Ерболат Дүйсенқұл баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

2025 жылдың 10 айында ауданда 204 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға артық көрсеткіш. Ардагерлер мен мекеме қызметкерлері арасында футбол чемпионаттары өтіп, үздік командалар марапатталған. Сондай-ақ, «Меркі ауданы әкімінің кубогі» турнирі өз мәресіне жетуге жақын.

Бұдан бөлек, спорт пен ұлттық ойындарды дамыту мақсатында еркін күрестен республикалық турнир, жамбы атудан Қазақстан кубогі, сондай-ақ «Жас отбасы – 2025», «Жас барыс», «Жас келін» сияқты жаңа спорттық және мәдени-спорттық жобалар ұйымдастырылып отыр.

Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласындағы жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, инвестиция тарту ісін жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы бастамаларды одан әрі қолдау қажеттігін міндеттеді.