
Қазыналы қарттар – қоғамның қастерлі тұлғалары, даналықтың, сабыр мен парасаттың қайнары. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Меркі ауданында да ардагерлерге құрмет көрсетуге арналған мазмұнды іс-шаралар өтті.
Алдымен аудан әкімі Ербол Жиенқұлов түрлі салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлермен арнайы жүздесті. Жылы жүздесу барысында аудан әкімі ақылгөй қарияларды мерекемен құттықтап, олардың ерен еңбегіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ қариялардың қоғамға сіңірген еңбегін айрықша атап өтіп, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен баянды ғұмыр тіледі. Кездесуде аудан әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар да табыс етілді.
Мерекелік шаралар одан әрі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда да аудан әкімі жиналған қонақтар мен қазыналы қарияларға жылы лебізін білдіріп, мерекелік құттықтауын жеткізді. Қариялардың құрметіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығы дайындаған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылардың көңіл-күйін көтерді.
Аталған игі іс-шаралар қазыналы қарттарымыздың өнегелі өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегіне деген ықылас пен алғыстың белгісі болды.