ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталған бағыттағы жұмыстар шеңберінде ауданның білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналыстары өткізілді.

Ата-аналармен алғашқы кездесу №17 Иван Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектебінде, ал келесі жиналыс №39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында өткізілді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық прокуратура өкілдері, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, , сондай-ақ білім бөлімі мамандары қатысты. Сонымен қатар, оқушылар мен олардың ата-аналары да жиналысқа белсенді қатысып, көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.

Кездесулер барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылыққа итермелейтін факторлар, сондай-ақ буллинг, кибербуллинг, ерте жүктілік, отбасылық зорлық-зомбылық секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиын барысында сөз алған комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек ата-аналарға жас ұрпаққа тәрбие беруде отбасылық бақылау мен жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтіп, мектеп пен ата-ананың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуінің қажеттілігіне назар аударды.

Сонымен қатар, аудандық прокуратураның аға прокуроры Хиса Әжімбеков пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Метерқұлова тақырыпқа байланысты баяндама жасап, құқықтық және тәрбиелік бағыттағы алдын алу шаралары бойынша нақты мәліметтер ұсынды.

Жиын соңында ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, құқықтық және психологиялық тұрғыда кеңестер берілді. Мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.