МЕРКІ АУДАНЫНДА «KERUEN INN» ҚОНАҚ ҮЙІ АШЫЛДЫ

МЕРКІ АУДАНЫНДА «KERUEN INN» ҚОНАҚ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Меркі ауданында халықаралық маңызы бар Батыс Қытай − Батыс Еуропа автомагистралінің бойында жаңадан бой көтерген «Keruen Inn» қонақ үйінің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл – PETRO RETAIL компаниясының бастамасымен жүзеге асқан, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың бірі.

Ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, және жергілікті тұрғындар қатысты. Өз сөзінде Әбілхайыр Тамабек: “Бұл нысан – өңірімізге тартылып жатқан инвестициялардың нақты жемісі. Жол бойындағы сервисті жаңа деңгейге көтеріп, ішкі туризм мен жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді” деді.

«Keruen Inn» кешені заманауи талаптарға сай жабдықталған: жайлы бөлмелер, кафе, намазхана, дүкен, автотұрақ, кір жуу орны және электромобильдерге арналған қуаттау бекеті бар. Жоба аясында 10 адам жұмыспен қамтылды, бұл – аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары мен тұрақты табыс көзі.