АУДАННЫҢ ДАМУЫ: БІРЛІК ПЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕР

АУДАННЫҢ ДАМУЫ: БІРЛІК ПЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕР

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті.

Күн тәртібінде аудандағы қоғамдық-саяси ахуал мен этносаралық жағдай және ауыл шаруашылығы өнімдерін 2 есеге ұлғайтуға арналған жол картасының орындалу барысы қаралды.

Жиында алдымен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы осы бағыттағы алғашқы мәселе бойынша баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, ауданда 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеп, тұрғындар арасында түрлі патриоттық және мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізіліп, арандатушылық сипаттағы материалдарға дер кезінде әрекет ету жолға қойылған. Аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, келісім мен бірлік сақталуда.

Сондай-ақ кеңесте аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін 2 есеге ұлғайтуға арналған жол картасының орындалу барысы жөнінде баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 млрд 171,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,3 пайызға жеткен. Негізгі капиталға 1,9 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Егістік көлемі ұлғайып, минералдық тыңайтқыштар енгізу, су үнемдеу технологияларын енгізу және техника паркін жаңарту жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Мал шаруашылығы өнімдері бойынша да сүт, ет және жұмыртқа өндірісінде өткен жылмен салыстырғанда өсім бар.

Аппарат кеңесін қорытындылаған аудан әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар берді. Әсіресе қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтауда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруды, әлеуметтік желідегі ахуалға жіті назар аударуды жүктеді. Ауыл шаруашылығы саласында өнімділікті арттыруға бағытталған жаңа технологияларды енгізуді, шаруашылықтардың күзгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, әрбір жауапты сала басшыларына белгіленген жоспардың толық әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстауды міндеттеді.